Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің ауруханадағы суреті жарияланды. Палатада төсек тартып жатқан әкімнің қасында кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев отырған. Бұл фото оқ жарақатынан кейін көпшіліктің назарында болған шенеуніктің қазіргі жағдайына қатысты алғашқы бейресми мәліметтердің бірі, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі POLITICO.KZ сайтына сілтеме беріп.
Еске салайық, 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында әкімдік маңында Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған. Ол жамбасынан және иығынан жараланып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген болатын.
Дәрігерлер оған төрт сағат бойы ота жасаған, қазір оның жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ екені ресми расталды.
Құқық қорғау органдары бұл шабуыл бойынша күдікті ретінде Ернар Жиембайды қолға түсірді. Ол қазір уақытша ұстау изоляторында. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмыс жасауға оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (адам өміріне қауіпті тәсілмен кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатыр.
Шенеунікке жасалған бұл шабуыл қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Оқиғаның мән-жайы тергеу аяқталған соң белгілі болады деп күтілуде.