Ақмола облысында «Макинск құс фабрикасының» алты қызметкері жұмыс кезінде хлор буынан уланып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Оқиға өндірістік цехтарды жуу барысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік техникасының талаптары сақталмаған.
«24 жастағы жұмысшы цехты хлор ерітіндісімен тазалау кезінде респираторлық маскасын өз еркімен шешіп тастаған. Кейін ол өзін жайсыз сезініп, медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі таңда фабриканың тағы бес қызметкері де осыған ұқсас белгілермен ауруханаға түсті», – делінген полиция таратқан ресми хабарламада.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем мен құқық қорғау органдарының өкілдері жеткен. Барлық зардап шеккендер медициналық тексеруден өтіп жатыр.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 156-бабының 1-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталды.