Семейде жоғалып кеткен 7 жасар бала орман ішінен аман табылды
Сурет: полиция департаменті

Семейде жоғалып кеткен 7 жасар бала орман ішінен аман табылды

Семей қаласында бір тәулік бойы із-түссіз жоғалған жеті жасар бала орманнан табылды. Бүлдіршінді үйінен 7 шақырымдай қашықтықтан полиция қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды Anyqtime.kz Абай облыстық ПД-ға сілтеме жасап.

Бұған дейін полиция департаменті 2018 жылы туған баланың жоғалғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Ерекше қажеттілігі бар баланың үйінен шығып кеткені хабарланған соң, тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарына еріктілерді де жұмылдырған.

Баланы іздеуге 1000-нан астам адам қатысып, түн бойы Семейдің орманды алқаптарын шарлады. Нәтижесінде жеткіншекті Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары орман ішінен тапқан.

— «Қиын жағдайға қарамастан, іздестіру тобы жұмысты бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Бала орманнан табылып, аман-есен ата-анасына тапсырылды», – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық, оған медициналық көмек көрсетілді.