Судың да сұрауы бар. Енді су заңын бұзсаңыз – 6 млн теңге айыппұл
Қазақстанда су ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану мақсатында әкімшілік жауапкершілік едәуір күшейтілді. Енді су нысандарына немқұрайлы қараған жеке және заңды тұлғаларға бірнеше есе артық айыппұл салынады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
2025 жылғы 10 маусымнан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 14 бабы жаңартылып, су саласына қатысты ережелерге бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл шаралар биыл қабылданған жаңа Су кодексінің негізінде жүзеге асып отыр.
Айыппұл 5-10 есе өсті
Мәселен, су қорғау аймағында рұқсатсыз құрылыс жүргізгені үшін жеке тұлғаларға 120 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал ірі бизнес өкілдеріне 1500 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Биылғы есеппен бұл шамамен 5,9 миллион теңгені құрайды.
Ең ауыр баптардың бірі – 141-бап
Су нысандарын заңсыз иемдену немесе олармен келісімді мемлекеттік меншік құқығын бұза отырып жасау – 141-бап бойынша жазаланады. Бұл жағдайда жеке тұлғалар 150 АЕК, ал заңды тұлғалар 1300 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Суды шектен тыс немесе рұқсатсыз пайдалану – жазасыз қалмайды
Суды лимиттен артық тұтыну, рұқсатсыз пайдалану немесе мақсатсыз жұмсау 50-ден 100 АЕК аралығында айыппұлмен жазаланады.
Басқа да маңызды өзгерістер:
- Арнайы су белгілерін жою – жеке тұлғалар үшін 50 АЕК, заңды тұлғалар үшін 1000 АЕК.
- Су үнемдеу жоспарын орындамау, қайталама су жүйесіне көшуден бас тарту немесе тасқынға қарсы шараларды елемеу – 980 АЕК-ке дейін айыппұл салуға негіз болады (358-бап).
Судың қадірін білмейтіндер жазасыз қалмайды
Жаңа өзгерістерді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2023 жылдан бастап әзірлеген. Министрліктің мәліметінше, бұл заңнама су көздерін ластау мен бейберекет пайдалануға тосқауыл қойып, экологиялық қауіпсіздік пен тәртіпті арттыруға бағытталған.
Anyqtime.kz редакциясы еске салады: енді көл жағасына заңсыз қыдырып бару, құрылыс салу немесе лимиттен тыс су пайдалану тек экологиялық емес, экономикалық шығынға да алып келуі мүмкін.