Алматыда Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері іш қуысында ауыр іріңді-қабыну процесімен түскен жасөспірімнің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Себебі – шұғыл операция кезінде анықталған сирек кездесетін патология – алып трихобезоар болды. 2025 жылғы 23 маусымда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл туралы мәлім етті. Ота барысында қыздың асқазаны мен ішегінен шамамен 1,5 келі шаш алынғаны айтылды.
«Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына (БШМККО) іштің қатты ауырсынуы, кебу, әлсіздік және айқын интоксикация белгілерімен 14 жастағы бала түсті. Ауырсыну госпитализацияға дейін бірнеше күн бұрын басталған, бірақ медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген. Орталыққа түскен кездегі науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды. Тексеру нәтижесінде іш қуысында бос сұйықтық, перитонит және тесу белгілері анықталды. Дәрігерлер бригадасы науқасты шұғыл операцияға дайындады», – деп хабарлады басқарма.
Ота кезінде хирургтер трихобезоарды – шаш пен шырыштан тұратын тығыз түзілісті анықтап, алып тастады. Ол асқазанның едәуір бөлігін алып жатқан және жіңішке ішекке өтіп кеткен. Бұл түзіліс тесілген ойық жара мен дамыған перитониттің себебі болған.
«Біз сирек кездесетін патологиямен бетпе-бет келдік, әсіресе балалар арасында. Трихобезоарлар – әдетте психоэмоционалдық бұзылыстар аясында ұзақ уақыт шаш жұту нәтижесінде пайда болады. Бұл жағдайда түзілістің көлемі аса үлкен болып, шұғыл араласу қажет болды», – деді ота жасаған хирург, БШМККО маманы Асқар Ризванов.
Ота екі кезеңде өтті: алдымен диагностикалық лапароскопия, кейін бөгде затты алып тастау үшін ашық операция жасалды.
Хирургиялық бригада құрамында болғандар: ассистент – дәрігер-резидент Әлеумет Алмат Мұратжанович, анестезиолог – Бидайбай Таңжарық Мұратұлы, операциялық мейірбике – Нұрметова Михрибан Мәмүтханқызы.
Алынған трихобезоар өз көлемі мен тығыздығымен дәрігерлерді таңғалдырды, салмағы шамамен 1,5 келі болды.
Қазіргі таңда науқас отадан кейін қалпына келіп, ауруханадан шығарылды. Жағдайы тұрақты, қыз баланы тұрғылықты жеріндегі емханада бақылау мен психологиялық сүйемелдеу жалғасуда.
Дәрігерлер ата-аналарға мына жайтқа назар аударуға кеңес береді: балалардағы тамақтану тәртібінің бұзылыстары мен психоэмоционалдық жағдайлар белгілерін ерте кезеңде анықтау қажет. Медициналық көмекке уақытылы жүгінуді елемеуге болмайды.
Айта кетейік, 19 маусым күні Алматыда қатты дауыл соғып, бір әйелді дүңгіршек шатыры басып қалған еді: оны сол маңда жүрген хирург-құтқарушы аман алып қалған.