Жаздың ыстық күндерінде балалар мен ересектер арасында ең танымал өнімдердің бірі – балмұздақ. Алайда бұл сергітетін десерттің астарында күтпеген қауіп жатуы мүмкін. Жаздың шіліңгір ыстығында сүйікті тағамнан ләззат ала отырып, денсаулыққа зиян келтірмеудің жолдарын Anyqtime.kz анықтап көрді.
Жылдың ыстық мезгілі басталысымен-ақ қала көшелерінде кез келген адамға арнайы аппараттан құйып берілетін жұмсақ балмұздақ сататын орындар пайда болады. Алайда мұндай десерт әрдайым қуаныш пен ерекше дәм сыйлай бермейді – кейде ол ауыр тамақтан улануға әкелуі мүмкін. Себебі балмұздақ құятын фризер аппаратын қолданған кезде сатушылар гигиенаны сақтамай, ал өнімнің өзіне тиісті көңіл бөлмей жатады.
Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, көше балмұздағы келесі себептерге байланысты қауіпті болуы мүмкін:
- жабдықтардың санитариялық жағдайының талапқа сай болмауы;
- сақтау температурасының дұрыс сақталмауы;
- сатушылардың қол жуу мүмкіндігінің болмауы;
- арнайы рұқсат құжаттары жоқ адамдардан сату;
- бактериялық және ішек инфекцияларымен (мысалы, сальмонеллез, эшерихиоз, листериоз) улану қаупінің жоғары болуы.
Осы себепті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары қолданыстағы заңнама, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі және санитариялық ережелер аясында балмұздақ сататын орындарды тұрақты түрде бақылап отырады.
«Тексерулер жоспарлы бақылау түрінде – объектіге барумен немесе бармай-ақ, сондай-ақ азаматтардан шағым түскен жағдайда жоспардан тыс өткізіледі. Тексеру жиілігі объектінің тәуекел дәрежесіне байланысты. Тәртіп бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады», – деді Қасымхан Алпысбайұлы.
Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау өкілдері тұтынушыларға дәмді тағамды сатып алмас бұрын, сатушының қолында қолғап бар-жоғына, арнайы киімде қызмет көрсетіп жатқанына назар аударуға кеңес береді. Оған қоса, аппараттың қақпағы бар ма, тоңазытқышқа қосылған ба – осының бәрін тексеру қажет.
«Су көзі мен қоқыс шелегі жоқ жерден балмұздақ сатып алмаңыз. Егер балмұздақ арнайы құралсыз, қолмен беріліп жатса – ондай орыннан аулақ болыңыз», – деп ескертті дәрігер.
Сондай-ақ Қасымхан Алпысбайұлы санитариялық ережелерге сәйкес, ішек инфекциясының алдын алу үшін балмұздақ құятын жабдықты үнемі жуып, техникалық қызмет көрсету қажет екенін айтты.
Балмұздақтың қандай зияны болуы мүмкін?
Дәрігердің айтуынша, барлық талаптар орындалғанның өзінде балмұздақты шамадан тыс тұтыну келесі зияндарға әкелуі мүмкін:
- – құрамындағы қант мөлшерінің көп болуына байланысты семіздік пен қант диабетінің қаупі артады;
- – суық өнімді жиі тұтыну тамақтың суықтауына (жұтқыншақтың қабынуына) себеп болуы мүмкін;
- – кей адамдарда құрамындағы қоспаларға (бояғыштар, хош иістендіргіштер, лактоза) аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін.
Соңғы тармақты ескере отырып, СЭС мамандары табиғи реңкі бар өнімдерді таңдауға кеңес береді.