Каспийдегі «крокодил» тағы да әлеуметтік желіні дүрліктірді
Фото: Stopfake.kz

Каспийдегі «крокодил» тағы да әлеуметтік желіні дүрліктірді

Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Каспий теңізінде, Ақтау маңында крокодил пайда болды деген ақпаратты жаппай таратып жатыр. Ақпараттың шынайылығы күмән тудырса да, бұл хабарламаға сенгендер аз емес, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Алайда мамандар әсіресе әсерге тез берілетін жұртты сабырға шақыруды жөн көрді.

Белгілі болғандай, осындай жаңалық 2023 жылы да Казнетте тараған. Ол кезде бұл ақпаратты бірнеше қазақстандық БАҚ ресми түрде жоққа шығарған болатын.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов Stopfake.kz сайтына берген сұхбатында бұл видеоның Каспий теңізінде түсірілуі мүмкін еместігін нақты атап өтті. Себебі крокодилдер тұщы суда тіршілік етеді:

"Крокодилдер негізінен Африка сияқты жылы, тропикалық және субтропикалық аймақтарда өмір сүреді. Олар біздің климатқа бейімделе алмайды. Біз бейнематериалды мұқият зерттеп, оның жалған екенін анықтадық", – деді Досатов.

Бұған дейін Қарағанды зообағы жақсы жаңалықпен бөліскен болатын. Зообақта нағыз канадалық бизондар пайда болды. Мамандар бұл сүтқоректілердің суреттерін көрсетіп қана қоймай, олар туралы толық ақпарат берді. Енді зообаққа келушілер Марс есімді алып аталық пен екі әсем аналық – Венера мен Майяны көре алады.