Неліктен дүйсенбі – ауыр әрі қауіпті күн?

23 маусым, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: Freepik

Гонконг университетінің (HKU) әлеуметтік ғылымдар факультетінің ғалымдары дүйсенбі күндері ұзақмерзімді биологиялық күйзеліске себеп болатынын анықтады. Бұл адамның жұмыс істеп жүргеніне не зейнетке шыққанына қарамастан орын алады. Ал мұндай күйзеліске тап болу жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіреді, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Мамандар қартаюды зерттеу жобасына қатысқан 3 500-ден астам егде жастағы адамның деректерін сараптай келе, дүйсенбі күні мазасыздықты бастан өткеретіндерде стресс гормондарының деңгейі айтарлықтай артатынын және оның әсері екі айға дейін сақталатынын анықтаған. Бұл құбылыс тек жұмыс істейтіндерде ғана емес, зейнеткерлерде де байқалады. Демек, аптаның басы мен адамның күйзеліс жүйесінің бұзылуы арасында терең биологиялық байланыс бар. Бұл – жүрек-қан тамырлары ауруларының (ЖҚА) белгілі бір факторы.

Зерттеудің негізгі тұжырымдары:

Бұл жай ғана мазасыздық емес. Бұл құбылыстың тек 25%-ы дүйсенбіде мазасыздықтың артуымен түсіндіріледі, ал қалған 75%-ы дәл осы күннің өзге күндерге қарағанда физиологиялық әсерінің күштірек болуымен байланысты.

HPA осі кортизол сияқты стресс гормондарының деңгейін реттейді. Ал кортизолдың ұзақ уақыт жоғары болуы гипертонияға, инсулинге төзімсіздікке және иммундық жүйе әлсіздігіне әкелуі мүмкін. Бұған дейінгі зерттеулерде жұмыс күндері кортизол деңгейінің демалыс күндерге қарағанда жоғары екені айтылғанымен, бұл жолы дүйсенбі алғаш рет ерекше қауіпті күн ретінде анықталды.

"Дүйсенбі – стресс үшін мәдени күшейткіш іспетті. Кейбір егде адамдар үшін аптаның басы биологиялық реакцияны іске қосады, ал оның салдары бірнеше ай бойы жалғасады. Мұның себебі – жұмыста емес, дүйсенбінің біздің физиологиялық күйзеліс жүйемізге қаншалықты терең сіңіп кеткенінде", – деп түсіндірді HKU медицина социологиясы профессоры Тарани Чандола.

Бұл зерттеу қартаюға байланысты жүрек ауруларының алдын алуда стресс деңгейін басқаруға бағытталған жаңа мүмкіндік ұсынады.

Сонымен қатар Қытайдағы Хубэй университетінің ғалымдары егде жастағы адамдар үшін тағы бір қауіп анықтады: олар ерігіш кофе ішуді әдетке айналдырған жағдайда көру қабілетінің нашарлау қаупі жоғары болатынын мәлімдеді.

Тэгтер:

Дүйсенбі стресс Тарани Чандола.