Соңғы уақытта дұрыс тамақтануды жақтайтындар ең алдымен нанды өз рационынан алып тастайды. Алайда, нан денсаулық пен мүсінге шынымен зиян ба? Бұл туралы Anyqtime.kz порталы хабарлайды.
Маманның айтуынша, егер нанды мөлшермен тұтынып, оның сапасына жауапкершілікпен қараса, ол өздігінен ешқандай қауіп тудырмайды.
Қандай нан пайдалырақ?
Ең дұрысы – өңдеуден ең аз өткен дәннен дайындалған нанды таңдау. Ақ нан, яғни жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан – пайдалы заттарға кедей. Себебі мұндай ұнда дәннің қабығы болмайды, ал дәрумендер мен талшық дәл сол қабықта болады.
«Ұн неғұрлым ірі тартылған болса, нан соғұрлым пайдалы. Әсіресе, кебегі алынбаған, дәні бүтін ұннан жасалған өнімдер құнды, өйткені олар өңделмеген дәннің барлық қоректік заттарын сақтап қалады», – дейді мамандар
Бүтін дәннен жасалған нанда ақуыз, темір, кальций, В және РР тобының дәрумендері, тағамдық талшықтар мол.
Нан – мүсіннің жауы ма?
«Күніне қанша тілім нан жесе болады?» деген сұраққа маман әр адамның қажеттілігі әртүрлі екенін атап өтті:
«Калорияның күнделікті мөлшерін жынысқа, жасқа, салмаққа, бойға және физикалық белсенділік деңгейіне қарай есептеу керек. Нан – бұл көмірсу, ал көмірсулар – ағзаға негізгі энергия көзі. Теңгерімді тамақтану қажет және нанды көбіне сағат 16:00–17:00-ге дейін тұтынған жөн. Егер адам белсенді өмір салтын ұстанса, күніне 3 тілімге дейін нан жеуге болады».
Сонымен қатар, дәрігер нанды макарон, картоп, ботқа, тұшпарамен бірге жемеуге кеңес береді – бұлардың бәрі көмірсуға бай, ал оларды бір мезетте жеу асқазан-ішекке артық жүктеме түсіреді.
«Нан өнімдерін тәттілермен немесе жемістермен бірге жеу – одан да зиян. Бұл инсулиннің шектен тыс бөлінуіне және ішекте ашу процесінің басталуына әкелуі мүмкін», – дейді маман.
Қай тағамдармен үйлеседі?
Нанды көкөніс салаттарымен, көкпен, жеңіл сорпалармен бірге жеу пайдалы. Егер нанға ет не балық қосып жегіңіз келсе – міндетті түрде көк шөп те қосыңыз, ол ас қорытуға көмектеседі.
Нанды қалай сақтау керек?
«Ең дұрысы – нанды сатып алған күні балғын күйінде жеп тастау. Дегенмен, өндірушілер әдетте оның жарамдылық мерзімін 48 сағат деп көрсетеді».
Нан – «бақыт гормонының» көзі
Гастроэнтеролог Светлана Жучкова "АиФ" басылымына берген сұхбатында нан адамның көңіл-күйіне де пайдалы екенін айтады. Өйткені оның құрамындағы көмірсулар серотониннің – яғни «бақыт гормонының» – бөлінуін ынталандырады. Бұл – күйзеліс деңгейін төмендетуге көмектесетін табиғи механизм.
Қорытынды: нан мен ұн өнімдерін мөлшермен тұтынған жағдайда олар адамдардың басым бөлігі үшін қауіпсіз.
Материалдар ақпараттық сипатта берілген және дәрігер кеңесіне теңестірілмейді. Денсаулығыңызға қатысты шешім қабылдамас бұрын маманға жүгініңіз.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде түрлі аурулардан айықтыратын күмәнді кеңестер жиі кездеседі. Мысалы, Instagram-да имбирь шайы бүйректегі құмды кетіріп, бауырдағы майды ерітеді деген жалған ақпарат кеңінен тараған.