АҚШ: Қытайлық DeepSeek әскери барлау құрылымдарымен дерек бөлісіп отыр

23 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Ашық дереккөзі

Қытайлық жасанды интеллект стартапы — DeepSeek өз чат-ботының қолданушыларына қатысты ақпаратты елдің әскери және барлау органдарына беріп отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Gazeta.ru сайтына сілтеме жасап.

Reuters агенттігіне сұхбат берген АҚШ Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілі DeepSeek компаниясының Қытайдың әскери және арнайы қызмет құрылымдарына саналы түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасуы ықтимал.

«Біз DeepSeek компаниясы Қытайдың әскери және барлау операцияларына саналы түрде қолдау көрсетіп келгенін және бұл әрекетті жалғастыруы мүмкін екенін түсінеміз», — деді дереккөз.

АҚШ өкілінің айтуынша, DeepSeek Қытайдың Халық-азаттық армиясы мен қорғаныс өнеркәсібіне қатысты ұйымдардың сатып алу құжаттарында 150-ден астам рет аталған. Бұл дерек компанияның ҚХР әскери жүйесімен тығыз байланысын көрсетеді.

DeepSeek биыл жылдың басында R1 атты жаңа өнімін таныстырып, халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Компания бұл модельдің OpenAI әзірлеген жүйелермен бәсекелесе алатынын мәлімдеген. Алайда бұл жетістік АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп ретінде бағаланып, бірқатар шенеуніктердің алаңдаушылығын туғызды.

Айта кетейік, бұған дейін Microsoft компаниясы өз қызметкерлеріне DeepSeek өнімдерін пайдалануға ресми түрде тыйым салған болатын.
 

Тэгтер:

DeepSeek Қытайлық жасанды интеллект OpenAI Microsoft