Kaspi және Halyk банктері арқылы жасалатын карталық аударымдарға қосылған құн салығы (ҚҚС) салынбайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Сенаттағы жаңа Салық кодексін талқылау қорытындысында мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Kaspi немесе Halyk арқылы жасалған әрбір аударымға ҚҚС салу — бұл банктік операциялардың құнын халық үшін күрт арттыру болар еді. Біз бұл ұсынысқа мүлде қарсы болдық. Нәтижесінде, бұл норма қабылданған жоқ. Бұл — маңызды әрі әділ шешім», — деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, мұндай өзгеріс қарапайым азаматтарға ғана емес, банктер мен жалпы қолма-қол емес төлем мәдениетіне де кері әсерін тигізер еді. Сонымен қатар ол аударымдарды салықтан босату бастамасын тұрақты түрде қолдап келген Ұлттық банкке алғыс білдірді.