Судың көлеңкелі нарығына соққы: Бірнеше облыста заңсыз сорғылар анықталды
Су ресурстары және ирригация министрлігі ел аумағында судың "көлеңкелі нарығына" қарсы күресті күшейтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі BAQ.KZ дерегіне сүйеніп.
Қызылорда облысында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары жүргізген тексеріс барысында Қызылөзек ауылдық округінің аумағынан, нақтырақ айтқанда Сырдария өзенінің Қараөзек тармағынан рұқсатсыз су алып отырған 13 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде осы заңбұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қолға алынған. Бұған дейін облыс аумағында алты шаруа қожалығы 2,3 миллион текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны белгілі болған.
Суға қатысты заңбұзушылық тек Қызылордамен шектелмейді. Түркістан облысында Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесе жүргізілген тексеру барысында 24 тіркелмеген сорғы құрылғысы анықталса, Ақтөбе облысында Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бес кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғанын тіркеген.
Министрліктің мәлімдеуінше, мұндай заңсыздықтарға тосқауыл қою жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.
«Судың көлеңкелі нарығына жол жоқ. Әрбір заң бұзушы міндетті түрде анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, бассейндік инспекция қызметкерлері су пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізіп келеді», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.