Алматыда қайғылы жағдай: сәби көпқабатты үйден құлап кетті
Алматы қаласындағы Ақкент ықшамауданында екі жасар бала тоғызыншы қабаттан құлап, мерт болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға кеше көпқабатты үйдің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, сәби балконнан құлап кеткен. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына дер кезінде жеткенімен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қазір аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасы жан-жақты тергеу жүргізіп жатыр.
— Үш жасар баланың өліміне қатысты тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерге қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударуға кеңес береді. Терезе мен балкондарға құлып орнатып, балаларды қараусыз қалдырмау қажет, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Құқық қорғау органдары мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін тұрғындарды баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырып отыр.