Иран АҚШ базаларына соққы жасады: не белгілі?
Фото: countylocalnews.com

Иран АҚШ базаларына соққы жасады: не белгілі?

Иран АҚШ-тың Катар мен Ирактағы әскери нысандарына бір мезетте зымыран соққыларын жасағанын мәлімдеді. Израильдің Ynet басылымы хабарлағандай, 10 зымыран Катар аумағындағы, ал тағы біреуі Ирактағы нысанаға бағытталған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

CNN мәліметінше, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Катардағы Аль-Удейд әскери базасына "қуатты әрі жойқын" шабуыл жасағанын ресми растады. Аталған база АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы үшін аса маңызды стратегиялық орталық саналады. Шабуыл салдарынан базаның үстінен от пен түтін көтерілген.

КСИР мәлімдемесінде:

«Иран Ислам Республикасы өзінің аумақтық тұтастығына, егемендігіне немесе ұлттық қауіпсіздігіне жасалған кез келген агрессияға жауапсыз қалмайды. Бұл – сенімді әрі мақтанышқа толы халқымыздың ерік-жігерінің көрінісі», – делінген.

Дохада дүрбелең

Аль-Удейд базасы Катар астанасы Дохадан 30 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Жергілікті тұрғындар қаланың үстінен жарылыстар дауысы естілгенін айтып отыр. Алайда билік тарапынан халыққа қандай да бір қауіп туралы алдын ала ескерту жасалмаған.

«Балаларымыз не істеу керегін білмей қалды. Біз оларды паналауға апарғанда, үрейленіп, абдырап қалды. Билік бізді алдын ала ескертпеді», – деді CNN тілшісіне Доха тұрғыны.

АҚШ және Катар билігінің реакциясы

Ақ үй өкілдері Пентагонмен бірге жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын растады. Олар Катардағы АҚШ базаларына қауіп төнуі мүмкін екенін бұрыннан ескеріп, әскери нысандарды жоғары дайындық режиміне ауыстырған.

Катар сыртқы істер министрлігі Иран шабуылына байланысты мәлімдеме жасап, бұл әрекетті "егемендікке қарсы жасалған агрессия" деп атады.

«Катар мемлекеті өз аумағындағы АҚШ әскери базасына бағытталған бұл шабуылға халықаралық құқыққа сәйкес жауап беру құқығын өзінде қалдырады», – деді Катар СІМ өкілі Мажед аль-Ансари Al Jazeera арнасына берген сұхбатында.

Шабуылдың салдары

Катар Қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері Иран зымырандарын дер кезінде қағып түсіргенін мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Бұдан бөлек, Бахрейн, Кувейт пен Ирактағы АҚШ нысандарында да қауіп деңгейі көтерілді. Бахрейн билігі тұрғындарға қауіпсіз жерге баруға кеңес беріп, әуе кеңістігін уақытша жапты. Айта кетейік, бұл елде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотының штабы орналасқан.

Сондай-ақ Сирияның солтүстік-шығысындағы Касрак аймағындағы АҚШ әскери базасы да жоғары дайындық режиміне көшкені белгілі болды.

Иран бұл операцияны «Жеңіс туралы қуанышты хабар» деп атады. Жағдай ушығуда. Орта Шығыста жаңа әскери қақтығыс қаупі бар.