Алматы облысында екі адам пойыздың астына түсіп, оқиға орнында жан тапсырды.

24 маусым, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: Қазақстан теміржолшысы

2025 жылғы 23 маусым кешкі уақытта Алматы облысындағы "Ақсеңгер-Бурундай" аралығында пойыз екі адамды қағып кетіп, олар оқиға орнында көз жұмды. Олар теміржолды рұқсат етілмеген жерде кесіп өтпек болған және локомотивтен берілген дабыл белгілеріне еш жауап қатпаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын нақтылап, машинист тарапынан шұғыл тежеу қолданылғанымен, қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмағанын мәлімдеді:

"Локомотивтен берілген дабылдарға қарамастан, олар әрекет етпеді. Қашықтықтың тым жақын болуына байланысты соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде".

Мамандар теміржолда жүру ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы бір еске салды.

Көлік полицейлері департаментінің баспасөз қызметі бұл факт бойынша Алматы-1 станциясындағы Линейлік полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 344-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кетейік, маусым айының басында Ақмола облысында теміржол өткелінде апаттың сәл-ақ алдында тұрған Nissan көлігінің иесі іздестірілген болатын.

Тэгтер:

Алматы Алматы-1 Ақсеңгер-Бурундай