Жаңа заңнан кейін футбол клубтары шетелдік ойыншылардан бас тарта бастады
Фото: Ашық дереккөз

Жаңа заңнан кейін футбол клубтары шетелдік ойыншылардан бас тарта бастады

Қазақстан футболында түбегейлі өзгерістер орын алуда. Жаңа заң аясында мемлекет енді шетелдік футболшылардың жалақысын төлеуді тоқтатты. Соның салдарынан клубтар жаппай легионерлерден бас тартып жатыр. Бұл туралы «Қайсар» клубының баспасөз хатшысы Ерасыл Шарбек Asi_inside YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі penalty.kz-ке сілтеме жасап

Енді тек отандық футболшыларға үміт

«Қазір жақсы ойнайтын қазақстандық футболшыларға сұраныс күрт өсті. Бірқатар клубтар маусымның екінші айналымын тек өзіміздің ойыншылармен өткізуді жоспарлап отыр», – деді Шарбек.

Оның айтуынша, Премьер-лигада легионерлерге тұрақты түрде жалақы төлей алатын тек төрт клуб қалған:

«Астана»

«Қайрат»

«Тобыл»

«Ақтөбе»

Бұдан бөлек, «Атырау» клубы демеушілердің көмегімен шетелдік ойыншыларды ұстап қалуға тырысуда. Ал қаржылық қиындықтар туындаған Тұран клубы тарауы мүмкін.

Ерасыл Шарбектің сөзінше, жақсы жасақталған «Тұран» клубының өзі таратылу алдында тұр. Ал тарихи «Елімайдың» да жағдайы мәз емес. Бұл үдеріс ішкі нарықтағы футболшылардың бағасын арттырып отыр.

Премьер лиганы Қызылорданың «Қайсар» клубы биылғы маусымды шетелдік ойыншыларсыз бастап кеткен жалғыз команда. Енді басқа да клубтар осы үлгімен жұмыс істеуі мүмкін.

Қазіргі таңда «Қайсар» турнирлік кестеде 13 турдан кейін 13 ұпаймен 10-орында тұр. Соңғы ойында «Ұлытаумен» 1:1 есебімен тең түсті. Келесі кездесу – 29 маусымда «Елімайға» қарсы өтеді.