Бас прокурор Берік Асылов құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында президентке ұрланған активтердің қайтарылуы және олардың әлеуметтік маңызы туралы толық баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап
Берік Асыловтың айтуынша, бюджетке қайтарылған 770 млрд теңге қаржысынан 300-ден астам әлеуметтік нысан – мектептер, ауруханалар, спорт кешендері құрылып, шалғай өңірлердегі шамамен 2 миллион адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Прокуратура бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын мұқият бақылап отыр.
Сонымен қатар:
Соңғы жылдары қылмыс деңгейі екі есеге азайып, адам өлтіру мен зорлау 50%, бұзақылық 70%, қарақшылық пен тонау 80% төмендеді.
Қазақстан қылмыстық индексі бойынша әлемдік рейтингте 60 орын жоғары көтерілді.
Прокуратура 4 млрд теңге еңбекақы төлемдерін қайтарып, 12 млрд теңге алимент өндірген.
Мемлекет кірісіне 630 млрд теңге қайтарылып, 850 балалар үйінің түлектері мен әлеуметтік осал азаматтар баспанамен қамтамасыз етілді.
Активтерді заңдастыру арқылы 5,3 трлн теңгеден аса инвестиция тартылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Инвесторларға қарсы азаматтық іс қозғалысы 25%-ға, іскерлікке қатысты қылмыстық істер 3,8 есеге (1553-тен 406-ға) кеміді.
Құқық қорғау органдары цифрландырылып, істердің 95%-ы электрондық форматта тергелуде. Бұл тергеу мен сотқа жолдаудың уақытын қысқартуға мүмкіндік берді.
Іздеуде жүрген 2 500-ден астам тұлға ұсталды.
SIM-бокстар мен киберқылмысқа қарсы іс-шаралар енгізіліп, есірткіге байланысты қаржылардың 10 млрд теңгесі бұғатталды.
Қазақстан Еуропалық құқықтық көмек жөніндегі Конвенцияға шақырылып, бұл халықаралық тану мен жүйе сапасының белгісі болды.
Әділетті Қазақстан құрудың басты қадамдары ретінде полицияның профилактикалық бағытына көшуін, "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасының бекітілуін және құқықтық сауаттылықты арттыруды атап өтті. Мектептерде енді "Заң мен тәртіп" пәні енгізілуде – бұл болашақ қоғамның құндылық жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды бастама – деді Берік Асылов.