Қазақстанда 2025 жылғы негізгі ҰБТ науқаны жалғасып жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 16 мамырдан бері 268 мыңға жуық тестілеу өткізілген, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Талапкерлердің басым бөлігі – 74%-ы тесті қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде тапсырса, 221 адам ағылшын тілін таңдаған. Еліміз бойынша орташа балл – 66. Ал ең жоғары нәтиже – 140 балл. Бұл межені Түркістан облысынан Жәнібек Әбілхан есімді талапкер бірінші аптада жинаған.
Министрліктің мәліметінше, бес апталық қорытынды бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті баллдан өтті.
Қай пәндер жиі таңдалды?
– 18% – «Математика-Физика»
– 15% – «Биология-Химия»
– 14% – шығармашылық емтихан
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 649 талапкер үшін де арнайы жағдай жасалып, олардың ҰБТ-ға еркін қатысуы қамтамасыз етілді.
Ереже бұзғандар да аз емес.
Төрт апта ішінде 423 тәртіп бұзушылық тіркелген.
– 210 талапкер тыйым салынған заттарды алып кірмек болып, тесттен шеттетілді.
– 212 адам тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
– 1 адамның сертификаты бейнебақылау арқылы кейін жойылған.
Есесіне өзге адамның орнына тестке кіру әрекеттері тіркелмеген.
Министрлік тест аяқталған соң бейнежазбаларды 31 қазанға дейін тексеруді жалғастырады. Тәртіп бұзу фактілері анықталса, нәтижелер жойылады.
Жалпы алғанда, 216 мың талапкерден 399 мың өтініш қабылданған. Тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде талапкерлер апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық апелляциялар тестілеу кезінде қабылданады.