Сүйінші! Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінен ресми шақырту алды
Белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлемге танымал Оксфорд университетінен ресми шақырту алғанын мәлімдеді. Ол бұл жайында өзінің парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Журналистке шақырту университеттің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті жанындағы BIRSoz ұйымы тарапынан жолданған. Аталған ұйым түркі және Орталық Азия халықтарымен мәдени, тілдік әрі ғылыми байланысты дамытуға бағытталған бастама ретінде жұмыс істейді.
«Күзде үш айға Оксфордқа аттанамын. Онда шетелдік студенттермен бірлесіп зерттеу жүргізіп, қазақ тілінің халықаралық деңгейде дамуына үлес қоспақпын. Арнайы Speaking Club ашуды да жоспарлап отырмын», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Айта кетейік, BIRSoz жобасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен жасалған меморандум негізінде жүзеге асып отыр. Жобаның басты мақсаты – қазақ тілін әлемдік академиялық ортада таныту және зерттеу алаңына айналдыру.