Семейде жоғалған баланы тапқан полицейлер облыс әкімінен алғыс алды
Семейде жоғалып кеткен 7 жастағы баланы тапқан тәртіп сақшыларын Абай облысының әкімі марапаттады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы Берік Уәли Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Бекен Асыл мен Дархан Жұмағалиевке кәсіби шеберлігі мен батылдығы үшін алғыс айтып, Алғыс хат табыстады. Әкім баланы аман-есен табу – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жеңісі екенін атап өтті.
Еске салайық, 21 маусым күні 2018 жылы туған Аманғали Бекболат есімді бала үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Жедел ұйымдастырылған іздестіру жұмыстарына 1000-нан астам адам қатысқан. Ертеңінде жеткіншек орманнан, үйінен 10 шақырым жерден табылды.