Қазақстанда бейіндік PhD докторантура енгізіледі
Скрет: Ортком / Медицина саласы

Қазақстанда бейіндік PhD докторантура енгізіледі

Қазақстанда ғылыми-зерттеу ұйымдары мен ғылыми орталықтарда бейіндік PhD докторантура іске қосылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, ғылым елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етеді. Бүгінде медицина ғылымымен 31 ұйым айналысуда. Соңғы жылдары халықаралық рецензияланған басылымдардағы ғылыми жарияланымдар саны еселеп артқан. Мәселен, 2020 жылы 600 мақала жарық көрсе, 2023 жылы олардың саны 1200-ге жеткен.

Сондай-ақ, елімізде ғылыми кадрлар әлеуеті артып келеді. Қазіргі таңда 3 мыңнан астам зерттеуші еңбек етсе, олардың қатарында 500-ге жуық ғылым докторы, 2 мың медицина ғылымдарының кандидаты және 600-ден астам PhD докторы бар.

«Ғылыми ұйымдарда инновациялық жобалар қолға алынып, тиісті патенттер рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар ғылыми кадрлардың көбі жоғары оқу орындарында, зертханалар мен ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейді», – деді Сұлтанғазиев.

Бейіндік докторантура келер жылдан бастап іске асырылмақ.