Тоқаев шетелдік инвесторлармен кездесті: стратегиялық әріптестік күшейе түседі
Астана қаласында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар халықаралық компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Wabtec корпорациясының президенті Рафаэль Сантанамен кездесуде мемлекет басшысы америкалық компанияның теміржол саласындағы сенімді серіктес екенін атап өтті. Wabtec Қазақстан экономикасына 230 миллион доллардан астам инвестиция салған. Тоқаев компаниямен жаңа локомотивтер шығару, сервистік және біліктілік орталықтарын дамыту, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіру бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді.
Philip Morris International компаниясының ТМД мен Орталық Азия бойынша президенті Марко Мариоттимен болған кездесуде тұрақты даму, инновациялар және инвестициялық әріптестік мәселелері қозғалды. Президенттің мәліметінше, компания 1994 жылдан бері мемлекеттік бюджетке 1,2 триллион теңгеден астам салық төлеген.
Citi банктің өкілі Дэвид Ливингстонмен кездесу барысында қаржы институтының Қазақстанмен 30 жылдан астам уақыт бойы әріптестігі сөз болды. Президент стратегиялық жобаларға банктің қатысуын маңызды деп атап, шағын және орта бизнесті қолдау ел экономикасын әртараптандыруға серпін беретінін айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Glencore бас директоры Гэри Нейглмен де келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында жергілікті мазмұнды арттыру, жаңа технологияларды енгізу және отандық жеткізушілерді жаһандық өндіріс тізбегіне тарту мәселелері қаралды. Glencore Қазақстандағы ірі кәсіпорын – "Қазцинк" компаниясының акцияларына иелік етеді.