«Таза Қазақстан»: 2 миллион адам қатысқан экологиялық қозғалыс ұлттық ауқымға ұласты
Бірнеше адамнан құралған «Таза Ел» жазуы, биіктен түсірілген сурет

«Таза Қазақстан»: 2 миллион адам қатысқан экологиялық қозғалыс ұлттық ауқымға ұласты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ел бойынша 2 миллионға жуық азамат атсалысты. Оның ішінде 156 мың ерікті табиғатты қорғау мен аумақтарды тазарту жұмыстарына тікелей үлес қосты, деп хабарлайды Anyqtime.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында бұл бастаманың қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген құрметті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Акция аясында елімізде 573 іс-шара ұйымдастырылып, 735 мың гектар жер тазартылып, 189 мың тонна қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 2 миллионнан астам ағаш отырғызылған.

Министрдің айтуынша, бұл бастама халықты ортақ іске жұмылдырып, экологиялық жауапкершілік пен патриоттық рухты нығайта түсті. Жобаны жүзеге асыруда цифрлық шешімдер де белсенді қолданылады: мысалы, Telegram желісіндегі @TazaQazBot чаты арқылы биыл 11 мыңнан астам өтінім келіп түскен, оның 90 пайыздан астамы орындалған.

Тұрғындар ең көп көтерген мәселелер – қоқыс шығару, қоғамдық орындарды абаттандыру, тротуарларды күтіп ұстау. Осылайша, «Таза Қазақстан» тек экологиялық емес, әлеуметтік және азаматтық бастамаға айналып отыр.