240 мыңнан астам студент «Таза Қазақстан» бастамасына атсалысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына еліміздің жоғары оқу орындарының 240 мыңнан астам студенті мен оқытушысы қатысқан. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2024 жылдан бастап жоғары білім беру саласында бастаманы іске асыру үшін 1 индикатор мен 11 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта ЖОО-ларда 1500-ге жуық экологиялық шара өткізіліп, студенттер арасында «Taza Like» экосағаттары ұйымдастырылған.
2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қоқыссыз кампустар құру, саябақтар ашу, велосипед күнін өткізу және жасыл энергетика жүйесін енгізу сынды бастамалар жүзеге асуда. Сонымен қатар экология мамандарын дайындауға ерекше көңіл бөлініп, бұл бағытта 35 жоғары оқу орнында 143 білім беру бағдарламасы іске қосылған.
Жаңа оқу жылында экология саласы бойынша 1796 мемлекеттік грант бөлінді, оның ішінде 1506-сы – бакалавриатқа, 245 – магистратураға, 45 – докторантураға арналған. Бұдан бөлек, барлық мамандықтарға арналған оқу бағдарламаларына «Экология және тіршілік қауіпсіздігі» пәні енгізілді.