Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,3 триллион теңгеге жетті
Ауыл шаруашылығы, Азық-түлік, Жиын-терім

Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1,3 триллион теңгеге жетті

2025 жылдың алғашқы 5 айында еліміздің ауыл шаруашылығы саласы 4% өсім көрсетіп, жалпы өнім көлемі 1,3 триллион теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейін АӨК дамыту тұжырымдамасы және 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімін екі есе арттыруға бағытталған Жол картасы іске асырылып жатыр. Вице-министрдің айтуынша, ел ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, өндірісте оң серпін байқалады.

Мәселен, 2024 жылы 26,7 млн тонна астық жиналып, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе артық болды. Сондай-ақ күріш 16%-ға, қарақұмық 42%-ға, күнбағыс 35%-ға, картоп 23%-ға көп өндірілді.

Мал шаруашылығында да өсім бар: ірі қара саны 23,4%-ға, қой-ешкі 7,8%-ға, жылқы 12,2%-ға артты. Ет өндірісі 3%-ға, ал құс еті 6,2%-ға көбейді. Сонымен қатар, жыл басынан бері 1,3 млн тонна сүт, 200 млн данаға артық жұмыртқа өндірілді.