Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу 70%-ға дейін ұлғаяды — министрлік жоспары
Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу 70%-ға дейін ұлғаяды — министрлік жоспары

2028 жылға дейін Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін 70%-ға дейін қайта өңдеуді көздеп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Оның айтуынша, 2024 жылдың алғашқы бес айында азық-түлік өндірісі 10,5%-ға артып, 1,4 триллион теңгеге жеткен. Қызылша қанты 13,7 есе, өсімдік майы 19,1%, сары май 12,7%, шұжық өнімдері 11%, ұн 6,6%, сүт және сүт өнімдері 4%-дан астам өсім көрсеткен.

Қайта өңдеу саласын дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылданып, ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс және қарақұмық сияқты негізгі өнім түрлерінің өндірісі мен қайта өңдеу үлесі кезең-кезеңімен арттырылмақ. Тамақ өнімдерінің жалпы өндірісі 2028 жылға қарай 4,5 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде.

Министрлік алғаш рет қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдау үшін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру механизмін енгізген. 2023 жылы бұл бағытқа 35 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 40 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, СҚО тәжірибесі негізінде 83 сүт-тауар фермасы қаржыландырылып, оның 47-сі іске қосылған. Қабылданған шаралар нәтижесінде өндіріс көлемі айтарлықтай артты: 2024 жылы құс еті 6,8%-ға өсіп, 358,7 мың тонна, шұжық өнімдері 71,9 мың тонна (өсім – 4,8%), ал балық өнімдері 65,2 мың тонна (өсім – 9,5%) болды. Сыр мен ірімшік өндірісі де 7,4%-ға артып, 48,2 мың тоннаға жеткен.