Импортқа тәуелділік азая ма? Қазақстанда отандық өндірісті қолдауға бағытталған жобалар іске асуда
Қазақстанда құс еті, шұжық, балық, қант, сыр мен ірімшік сияқты бірқатар өнім бойынша импортқа тәуелділік әлі де жоғары. Алайда бұл көрсеткішті төмендету үшін ауқымды жобалар қолға алынуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
2023 жылмен салыстырғанда қызылша қантының өндірісі 62%-ға артып, 68,2 мың тоннаға жеткен. Қазір құс еті бойынша өзін-өзі қамту деңгейі – 73%, шұжық өнімдері – 60%, балық – 68%, сыр мен ірімшік – 57%, қант – 42%. Бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін ауыл шаруашылығы саласында инвестициялық жобалар белсенді жүзеге асырылуда.
«2027 жылға дейін жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 677 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 915 млрд теңгеге 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған», – деді вице-министр.
Қант өндірісінде де оң өзгерістер байқалуда. Өткен жылы елде 1,2 млн тонна қант қызылшасы өңделіп, бұл қызылша қантының өндірісін едәуір арттырды. Алайда қолданыстағы зауыттардың қуаттылығы артқан сұранысты толық қамти алмай отыр.
Осы мәселені шешу үшін 2025–2026 жылдары бірнеше ірі жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, «Көксу қант зауытының» қуаттылығы 105 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сонымен қатар, Алматы облысында 500 мың тонна шикізат өңдейтін жаңа зауыт салу үшін араб инвесторымен келісім жасалған. Жамбыл облысында да 130 мың тонна қуаттылығы бар зауыт салуға қызығушылық танытқан инвесторлар бар.
Бұл жобалар іске асқанда, Қазақстанда өндірілетін қант көлемі едәуір артып, импортқа тәуелділік айтарлықтай азаюы мүмкін.