23 маусымда елімізде «Заң мен Тәртіп» атты республикалық ақпараттық-түсіндіру апталығы басталды. Шараның алғашқы күндерінде 8 мыңға жуық азамат құқық қорғау органдары өкілдерінен тегін кеңес алды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Апта бойы прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, полиция және қаржылық мониторинг органдары әкімдіктермен бірге халықты қабылдап, сұрақтарына жауап беруде. Кездесулер облыс орталықтарындағы ХҚКО мен сауда үйлерінде ғана емес, шалғай ауылдар мен жету қиын аудандарда да өтуде.
Кеңес сұраған азаматтардың басым бөлігі жер, тұрғын үй, балалар қауіпсіздігі, әлеуметтік төлемдер және кәсіпкерлердің құқықтары секілді мәселелерді көтерген. Апталықтың мақсаты – тек түсіндіру емес, азаматтардың нақты проблемаларын анықтап, шешуге ықпал ету.
Ұйымдастырушылар бұл шараны құқықтық сауаттылықты арттыруға және мемлекет пен азамат арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі деп бағалап отыр.