Қазақстанның Қарулы Күштері мен жастар қозғалысын ұштастыратын дәстүрлі слет биылғы жылы ерекше мазмұнмен ұйымдастырылып отыр. Жиынға Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 800-ге жуық жас қатысуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ауқымды іс-шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент қатысушыларды құттықтап, шараның маңызын атап өтті:
– Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған. Қазақтың қаршадай қызы соғысқа аттанып, бірден қан майданның ортасына түсті. Ол сұрапыл шайқастарда теңдессіз ерлік пен Отан алдындағы парызға адалдық үлгісін көрсетті. Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – біздің елдерімізге ортақ тарихи мереке. Ұлы Жеңіс күнін атап өту – батыр бабалардың рухына тағзым ету, олардың ерлігін жадымызда жаңғырту деген сөз. Қазақстан үшін мұның мән-мағынасы айрықша. Халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты, азаттық пен әділдік үшін аянбай күресті. Қазақстаннан 1 миллион 200 мың азамат майданға аттанды, оның тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Мыңдаған адам далада, зауыттар мен фабрикаларда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ және оқ-дәрі жіберді. Біз даңқты ерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін ешқашан ұмытпаймыз, олардың есімін мәңгі есте сақтаймыз. Батырларымыз жер-жаһандағы бейбітшілік пен тыныштық үшін аса ауыр сынақтарды еңсерді, – деді Мемлекет басшысы.
– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады, – деді Президент.
– Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Жастарымыз жарысқа лайықты деңгейде қатысып қана қоймай, өздерін осы елдің қонақжай әрі кеңпейіл иесі ретінде көрсететініне сенімдімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын бағдарламасында зияткерлік сайыстар, әскери-техникалық жарыстар мен спорттық ойындар қамтылған. Қатысушылар «Айбын дарыны», «Smart Sarbaz» байқауларына қатысып, әскери қару-жарақты құрастыру, мергендік жаттығулар мен тактикалық тапсырмаларды орындайды. Кешке алау басында патриоттық әндер шырқалады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы инновациялық жаттығу жабдықтарымен танысып, FPV-дрон операторларын оқытатын орталық пен ұшқыштарға арналған симуляторларды көрді. Ол «Smart Sarbaz» жас техниктер үйірмесінің жұмысын бақылап, әскери оркестрдің өнерін тамашалады.