Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға байланысты тергеу ісі аяқталды. Бұл туралы қалалық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі POLITICO.KZ-ке сілтеме жасап.
Іс материалдары қазіргі уақытта тараптардың танысуына ұсынылып отыр. Кейін құжаттар прокуратураға жолданып, сотқа беріледі. Болжам бойынша, іс алдағы шілде айында сотқа жіберілуі мүмкін.
Қылмыстық іске күдікті ретінде Ернар Жиенбай танылған. Ол бұған дейін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының міндетін атқарған. 21 сәуір күні әкімдік ғимаратының маңында оқиға орнында ұсталды. Сол күні сот шешімімен екі айға қамауға алынды.
Айта кетейік, 21 сәуірде Руслан Берденов әкімдік ғимаратынан шығып келе жатқан кезде оған белгісіз біреу бес рет оқ атқан. Кейін шабуыл жасаған адамның әкім орынбасарының бұрынғы бағыныштысы Ернар Жиенбай екені анықталған болатын. Қазірге дейін сот процесі әлі басталмады.