«Ерен еңбегі үшін» марапатталған дәрігер мас күйде көлік айдағаны үшін жазаланды
Фото: oblmed.gov.kz

«Ерен еңбегі үшін» марапатталған дәрігер мас күйде көлік айдағаны үшін жазаланды

Қостанай облыстық ауруханасының жуырда тағайындалған бас дәрігері Асқар Махмұтов көлікті мас күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл ақпаратты Қостанай қалалық әкімшілік соты растады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі SMARTNEWS.KZ-ке сілтеме жасап.

Оқиға 22 маусымға қараған түні, демалыс күні орын алған. Полиция мәліметінше, дәрігер әріптесімен бірге келе жатып, көлікпен қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Жол-патрульдік полиция тоқтатқан соң, жүргізуші медициналық сараптамаға жіберілген. Зерттеу нәтижесінде Махмұтовтың ағзасынан психоактивті заттар табылып, оның алкогольдік мас күйде болғаны дәлелденген.

Сот отырысында Махмұтов кінәсін мойындап, өкінетінін жеткізді. Дегенмен, Қостанай қаласының әкімшілік соты ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес, оған 15 тәулікке қамау және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындады.

— Бұл бап бойынша балама жаза көзделмеген. Жеңілдететін мән-жайларға қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды, — делінген сот үкімінде.

Сонымен қатар, шілденің 4-і күні Махмұтовқа қарсы жолаққа шығу дерегі бойынша қозғалған екінші іс қаралмақ.

Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаны растады. Ведомствоның мәлімдеуінше, жағдай дәрігердің қызметтен тыс жеке әрекеті болып табылады.

— Оқиға демалыс күндері және ақысыз еңбек демалысы кезінде орын алған. Бұл — оның жеке мінез-құлқымен байланысты. Сот шешімінен кейін профилактикалық әңгіме өткізіліп, тиісті шешім қабылданады, — деді басқарма өкілдері.

Асқар Махмұтов 2024 жылдың ақпан айында Қостанай облыстық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалған. Ол — тәжірибелі хирург, бұрын елордалық және өңірлік денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасының иегері.