«Орман кескен – оңбайды»: Заңсыз ағаш үшін айыппұлдар еселеп өседі
фото: ru.freepik.com

«Орман кескен – оңбайды»: Заңсыз ағаш үшін айыппұлдар еселеп өседі

Қазақстанда ағаш пен бұталарды заңсыз кескендерге салынатын айыппұлдар мөлшері артады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Министрлік өсімдіктер әлемін қорғауға бағытталған заңбұзушылықтарға қарсы күресті күшейту үшін әкімшілік айыппұлдардың базалық мөлшерлемелеріне жаңадан толықтырулар енгізіп отыр. Жаңа ережелер 2024 жылдың 5 шілдесінен бастап күшіне енеді.

Нақты қанша төлейді?

Жаңартылған нормалар ағаш пен бұтаның түрі мен жасына байланысты сараланып есептеледі. Айыппұл көлемі АЕК-пен (айлық есептік көрсеткіш) белгіленген:

Қарағай, шырша, самырсын – 15-тен 45 АЕК-ке дейін (58 980 – 176 940 теңге);

Кедр – 17–47 АЕК (66 844 – 184 804 теңге);

Арша – 14–44 АЕК (55 048 – 173 008 теңге);

Емен, үйеңкі, жөке, шетен – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280 теңге);

Қайың – 12–42 АЕК (47 184 – 165 144 теңге);

Терек, тал, көктерек – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280 теңге);

Жаңғақ, бұршақжаңғақ – 50–80 АЕК (196 600 – 314 560 теңге);

Өрік, шие, алма сияқты жеміс ағаштары – 10–40 АЕК (39 320 – 157 280 теңге);

Тау аршасы – 12–42 АЕК (47 184 – 165 144 теңге);

Бұта тектес өсімдіктер (шырғанақ, қараған, т.б.) – 9–39 АЕК (35 388 – 153 348 теңге).

Орман кескендер – мемлекеттік жау ма?

Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін орманды заңсыз кесуді ұйымдасқан қылмыс деп бағалап, мұндай топтарды «мемлекеттің жауы» деп атаған болатын.

Айта кетейік, былтыр өртенген «Семей орманы» филиалының басшысы жуырда ұсталды. Сонымен қатар, орман заңсыз отауға байланысты 20-дан астам адам полицияға жеткізілді. Тінту кезінде кесілген ағаштар, ағаш өңдейтін құралдар, ақша және құжаттар тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.