Зейнетақы – табыс емес! Депутат несиелік жүйені қайта қарауға шақырды
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков елдегі әлеуметтік осал топтардың, әсіресе зейнеткерлердің қаржылық жағдайын банк секторының пайда көзіне айналдыруды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы депутат Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
"Зейнетақы – табыс емес, күнкөріс құралы"
Стамбековтың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда 3,2 миллионға жуық адам қаржылық қарызға белшесінен батып отыр. Олардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен жәрдемақыға тәуелді тұрғындар бар.
"Банктер мен микроқаржы ұйымдары зейнетақыны табыс көзі ретінде қарап, несиені оңды-солды таратып жатыр. Соның кесірінен азаматтар ең қажетті қаражатынан айырылып, берешекке белшесінен батуда", – деді депутат.
Миллиондап қарызға кірген мүгедек азамат
Мәжілісмен Алматы қаласында туғанынан мүгедек Жантөре Қожабергеновтің жағдайын мысал ретінде келтірді. Сот оның «Сейф-Ломбард» пайдасына 15 млн теңге төлеуін міндеттеген. Ал сот орындаушылары оның жалғыз табысы – зейнетақысын түгел бұғаттап отыр.
Не істеу керек? Стамбековтың ұсыныстары:
Әлеуметтік осал топтарға арналған банкроттық рәсімін жеңілдету;
Зейнетақы мен жәрдемақыны табыс көзі ретінде есептеуге заңмен тыйым салу;
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден қарыз өндіріп алуға толық тыйым салу;
Несиелік жүктемені зерттеп, зейнетақыны қаржылық қорғайтын нақты механизмдерді жасау.
«Жәрдемақы мен зейнетақы – азаматтың жалғыз күнкөріс көзі. Оларды қаржы ұйымдарының есебінен қағу – әлеуметтік әділетсіздік. Біз бұған заңмен тосқауыл қоюымыз керек», – деді депутат.
Қазақстанда қазір 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар.