Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі 160 млн долларға бағаланды
Қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі – Sovetonko халықаралық бағалаушылар тарапынан 160 миллион долларға бағаланды. Бұл туралы дәріні әзірлеген ғалым Қуанышбек Сәрсенбай Stan.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Ғалымның айтуынша, бұл жаңалық кездейсоқ ашылған жоқ. Препаратты алғаш зерттеген – оның нағашы атасы, Совет Дінов. 1938 жылы туған ол бұл дәрінің негізін 1975-1980 жылдары қалаған. Қуанышбектің өзі соңғы 5 жылын Sovetonko-ны толық жетілдіруге арнаған.
«Атам 2024 жылы дүниеден өтті. Мен дәріге оның құрметіне Sovetonko деп ат қойдым», – дейді ғалым.
Препарат 2023 жылы алғашқы зертханалық сынақтардан сәтті өтіп, лейкемия, асқазан обыры, жатыр мойны қатерлі ісігі және Беркитт лимфомасы тәрізді ауруларға қарсы жоғары тиімділік көрсеткен. Кей сынақтарда 100 пайыз оң нәтиже бергені айтылды.
Берн конвенциясымен қорғалған 6 халықаралық патентке ие болған Sovetonko қазір бірнеше ірі фармацевтикалық компания мен инвестициялық қорлардың назарында. Дәріні шетелдік компаниялар толық сатып алуға қызығушылық білдіріп отыр.
Алайда ғалымның айтуынша, Қазақстан тарапынан қолдау көрсетілмеген.
«2022 жылы БАҚ арқылы зерттеу жұмысына көмек сұрадық. Бірақ мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болған жоқ. Сенімсіздікпен қарап, күлгендер де кездесті. Қазір шетелдік компаниялар дәріні тұтас сатып алуға дайын. Бірақ Қазақстан бұл мүмкіндікті жіберіп отыр», – дейді Сәрсенбай.
Sovetonko-ның мүмкіндігі мол екенін London Rate халықаралық сараптама ұйымы да растаған. Олар дәріні жеке фармкомпания ретінде 160 млн долларға (шамамен 83 млрд теңге) бағалап отыр.