Алматы облысынан сақ дәуіріне тиесілі алтын сақина табылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары Алматы облысының Ұйғыр ауданында жүргізген қазба жұмыстары кезінде сақ дәуірінің алтын бұйымдарын тапты. Экспедицияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, университеттің тарих факультетінің деканы Досбол Байғұнақов басқарған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Malim.kz-ке сілтеме жасап.
Тоғызбұлақ ауылы маңында орналасқан Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 қорымдарынан бірнеше қорған зерттелген. Қазба жұмыстары барысында Тоғызбұлақ-1 қорымындағы №3 және №4 қорғандардың астынан алтыннан жасалған әшекейлер табылған. №4 қорғанда ер мен әйел адамның сүйектерімен қатар керамикалық ыдыстар, темір бұйымдар, жануарлардың сүйектері, алтын тізбектің бөлігі және түрлі алтын пластиналар табылған.
Ал №3 қорғаннан адамның сүйектері мен алтын әшекейлер анықталған.
Зерттеушілердің назарын аудартқан ерекше жәдігер – арыстан бейнеленген алтын сақина. Салмағы шамамен 8 грамм тартатын бұл сақина алтын құймасынан жасалған. Ондағы бейне – арыстанның жүні мен бет-әлпеті, әйелдің жүзі немесе тіпті бұқа не қошқардың мордасына ұқсайды. Мұндай бейнелер ежелгі түркі және сақ мәдениетіне тән синкретизмнің белгісі саналады.
Мамандардың айтуынша, бұл қорымдар мен табылған заттар біздің дәуірімізге дейінгі IV–III ғасырларға тиесілі және сақ мәдениетінің бірегей ескерткіштері болып саналады. Бұл өңірдің сол дәуірде маңызды мәдени орталық болғанын көрсетеді.