Мемлекеттік тілді елемегендер жазасыз қалмайды – Қырғызстанда жаңа айыппұл ережесі енгізілді

25 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Жогорку Кенеш

Қырғызстанда мемлекеттік тіл — қырғыз тілін меңгермеген азаматтар енді бірқатар маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алмайды. Бұл жөнінде Жогорку Кенеш отырысында қабылданған заң жобасы негізінде белгілі болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі 24.kg-ға сілтеме беріп.

Құжатта Қырғыз Республикасының министрлер кабинеті төрағасы, оның мүшелері, Конституциялық, Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары, депутаттар, прокурорлар мен тергеушілер мемлекеттік тілді меңгеруі міндетті екені нақтыланған. Сондай-ақ бұл талап Ұлттық банк, құқық қорғау органдары мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдеріне де қатысты.

Сонымен қатар, қырғыз тілін меңгермеген азаматтар енді адвокаттық және нотариалдық лицензия ала алмайды. Бұған қоса, телерадио хабарларының кем дегенде 60 пайызы мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс.

Жаңа түзетулер көші-қон заңнамасына да әсер етті. Енді қырғыз тілін білмейтін шетел азаматтары тұрақты тұруға рұқсат пен иммигрант мәртебесін ала алмайды.

Мемлекеттік тілде жарияланатын жарнама мәтіні жергілікті өзін-өзі басқару органдары тарапынан тіл заңнамасына және ережелеріне сәйкестігі бойынша тексерілетін болады.

Заң талаптарын бұзған жеке тұлғаларға ескерту жасалып, 5 мың сомға дейін айыппұл салынады. Ал заңды тұлғалар үшін бұл сома 17 мың сомға дейін жетуі мүмкін. Тіл саясатының орындалуын Мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссия қадағалайды.

Тэгтер:

Қырғызстан тіл Жогорку Кенеш