«Жұрттың сөзі» жанымды жаралады — Наркенже Серікбаева жанайқайын жеткізді
Танымал филармония әншісі Наркенже Серікбаева соңғы күндері желіде өзіне бағытталған сын-пікірлер мен қолдауларға үн қатып, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін ол Түркістан облыстық филармониясының директоры тарапынан қысым көргенін айтып, мәселені жұртшылық назарына шығарған болатын. Артынша екі тараптың татуласқаны туралы бейнежазба тарап, желіде түрлі пікір туындады.
– Мен жұрттың назарын аудару үшін емес, жүрегімдегі шынайы ауырсынудан жыладым. Көз жасым – жан жарамның белгісі. Соңғы үш күн мен үшін ауыр өтті. Жылы сөз де, ауыр сын да жанымды қозғады. Әр сөзді оқып, жүрегіммен қабылдадым, – деп жазды Наркенже Серікбаева.
Оның айтуынша, филармония басшысы кешірім сұрап, жағдай реттелген. Ал әнші өз кезегінде істі ушықтырмауға, кішілік танытуға шешім қабылдаған.
– «Хайп», «екіжүзділік», «неге соңына дейін бармадың?» деген сөздер жанымды жаралайды. Бірақ әркімнің өз шындығы бар. Мен халықтың арасынан шыққан қарапайым адаммын. Елімді бөлмей, ел ішіне іріткі салғым келмейді, – деді ол.
Әншінің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырып жатыр.