Қазақ руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. Белгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек 81 жасқа қараған шағында дүние салды. Қаралы хабарды алғаш болып ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Anyqtime.kz
– Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген, ұлттың асқақ рухын жырға қосқан Темірхан Медетбек ағамыздан айырылып қалдық. Ауруханада ауыр хәлде жатқанын білген соң отбасымен және дәрігерлермен байланыста болып, Жазушылар одағының басшылығымен бірге жағдайын бақылап отырдық, – деп жазды Қасымхан Бегманов.
Оның айтуынша, ақын соңғы күндерін Алматыдағы Совмин ауруханасының жансақтау бөлімінде өткізген. Екі күн бұрын Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновпен бірге ауруханаға барып, жансақтау бөліміне кіргізілмеген соң, ағасына хат қалдырып кеткендерін де атап өтті. Ал бүгін бірнеше қаламгер мен кәсіпкер кезекпен палатаға кіріп, үнсіз қоштасқан.
– Жақында ғана ағамыздың 80 жылдық мерейтойын елордада дүркіретіп атап өткен едік. Енді, міне, ол кісімен қоштасуға тура келіп отыр. Бұл – бүкіл қазақ елі үшін ауыр қайғы, – делінген жазбада.
Ақынның жаназасы мен еске алу рәсіміне қатысты нақты мәліметтер алдағы уақытта хабарланатыны айтылды.