Жуырда өткен Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойы жұрт назарын өзіне аударды. Қонақтар саны екі мыңға жуықтаса, онлайн көру үшін жеті мың адам тіркелген. Бұл той әлеуметтік желіде кеңінен таралып, «жыл тойы» атанса, Abai.kz сайтында жарық көрген Ағыбай Ақбардың көлемді мақаласында бұл оқиғаға мүлде басқа қырынан баға берілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Автор бұл тойды бір отбасының қуанышы емес, бүгінгі қазақ қоғамындағы тобырлық сана мен дарақылыққа бейімділіктің айқын көрінісі ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, қоғамға үлгі болуы тиіс тұлғалар – әншілер мен асабалар, елдің жанайқайына емес, тойдың салтанатына ғана көңіл бөліп барады.
Материалда Сәкеннің «бұл тойға күллі қазақ көз тігіп отыр» деген сөзі мен Мейрамбектің «бұл — ұлы той» деген пікіріне сын көзбен қарау ұсынылады. «Бүкіл ел көз тіккен дүние осы ма?» деген сұрақ қойылады. Автордың айтуынша, бұл той қоғамдағы шығармашылық жарыстан гөрі той жарысының үстемдік алғанын дәлелдеді.
Мақалада қарапайымдылыққа үндеп, тойдың сән-салтанатқа емес, шынайы құндылықтарға негізделуі қажет екені жазылған. Автор бұл тұста той иесінің мақтан мен пафосқа толы сөздерін де атап өтіп, қоғамның сындарлы ойға емес, көрнекілік пен шулы шараларға еліктеп бара жатқанын қынжыла жеткізеді.
Abai.kz сайтында жарияланған бұл мақала қоғамда кең пікірталас туғызып, бей-жай қарауға болмайтын сұрақтарды күн тәртібіне шығарды.