«Анама ренжідім» — Наркенже Серікбаеваның қызы жазба жариялады
Әнші Наркенже Серікбаева қызы Жансая Серікбаевамен түскен суреті. Дереккөзі: instagram.com/zhansayaserikbaeva

«Анама ренжідім» — Наркенже Серікбаеваның қызы жазба жариялады

Соңғы уақытта қоғам назарында жүрген дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваның қызы Жансая Серікбаева анасының даулы оқиғада неліктен кешірім бергенін түсіндіріп, жеке парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Жансаяның айтуынша, анасы бұл жолы да көрегендік танытып, қоғамдағы өзекті мәселеге ерлікпен үн қосты. Алайда кейіннен бұл әрекеті үшін әлеуметтік желілерде әншіні сынап, келемеж еткендер де табылған.

«Бірі жақтаса, бірі даттап жатыр. Енді біреулер блогерлік, журналистика деп хайп қуып, анамды мазақ етуде. Бірақ біз берілмейміз. Бұл жағдай бізге кімнің кім екенін көрсетіп берді», – дейді Жансая.

Оның сөзінше, ел ағаларының араласуымен екі тарап келісімге келген, ал анасы үлкенге құрмет жасап, кешірім берген.

«Мен де анама ренжідім: “Неге кешірдіңіз? Соңына дейін неге бармадыңыз?” дедім. Сонда анам: “Саяш, Алладан үлкен емеспіз. Үлкен басымен ел ағалары алдымызға келіп тұрғанда кешірім бермесек, біздің адамгершілігіміз қайда қалады?” – деді. Осы сөз бәрімізге сабақ болды», – деп жазды әншінің қызы.

Айта кетейік, бұған дейін Наркенже Серікбаева басшылық тарапынан қысым көргенін айтып, бейнежазба жариялаған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды.