Түркістанда жел мен күн электр станциялары салынады
Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары қарқын алуда. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жалпы қуаты 2 мың МВт-тан асатын 91 жоба әртүрлі кезеңде жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясына сілтеме жасап.
Бұл жобалар арнайы аукцион арқылы іріктеледі, ал мұндай сауда-саттықтар алдағы уақытта да жалғаспақ.
Сонымен қатар, министрлік аукционнан тыс ірі халықаралық компаниялармен тікелей келіссөздер жүргізіп жатқанын да мәлімдеді.
Оңтүстік өңірлерде, соның ішінде электр тапшылығы байқалатын аймақтарда екі жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ерекшелігі — бұл жолы жоба қуатының 30%-ына дейінгі бөлігі энергия жинақтау жүйелерімен қамтылуы тиіс деген талап алғаш рет қойылған.
Қытай Халық Республикасымен арада екі ірі жоба бойынша үкіметаралық келісім жасалып, Түркістан облысында жел және күн электр станцияларын салу жоспарға енген.