2025 жылы елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 600-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 9 инвестициялық жоба іске қосылады. Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда бұл салада 3 мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, 40-тан астам жоба жүзеге асырылған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Қазақстанда 1400-ден астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – киім тігетін өндіріс орындары. Атап айтқанда:
803 кәсіпорын – тігін өндірісімен,
481 – тоқыма өнімдерімен,
122 – тері және оған ілеспе бұйымдармен айналысады.
2024 жылдың мамыр айынан бастап мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жаңа қолдау тетігі енгізілді: бизнес өкілдері өндірістік жабдық сатып алуға кеткен шығынның 40%-ына дейін өтеу мүмкіндігіне ие. Бұл жылына 60 миллион теңгеге дейінгі субсидия көлемін құрайды.
Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 3 пайыздық жеңілдетілген несиемен қаржыландырылады және 9 арнайы экономикалық аймақта басым бағыттар қатарынан орын алды. Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін 1100-ден астам өнім түрі екі жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуда ұлттық режимнен босатылған.
Мемлекет «Қазақстанда жасалған» өнім өндірушілерге сенім артып, тігін, тоқу және жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуды қолдауға дайын екенін білдіріп отыр.