Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылу көздері мен жылу желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Жезқазған қаласында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Үкімет резервінен 2,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жезқазғандағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 398 шақырымды құрайды, олардың 56,6%-ы тозған. Бұл жағдай қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарын жылумен қамтуда айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр. Қыс мезгілінде жылу ресурстарының шығыны 35-40%-ға дейін жетеді, бұл жаңа нысандарды орталық жүйеге қосуды қиындатады.
Қаланың кеңеюі мен Батыс ауданы сияқты жаңа аумақтардың жылумен қамтамасыз етілуін ескере отырып, реконструкция жобасына өзгеріс енгізілген. Құбырлардың диаметрі 800 мм-ден 1000 мм-ге дейін үлкейтіліп, жаңартылатын желі ұзындығы 11,4 шақырымнан 12,3 шақырымға дейін ұзартылды.
Үкіметтен бөлінген қаржы жоба жұмыстарын толық аяқтап, 98 мыңнан астам тұрғыны бар Жезқазған қаласын алдағы жылыту маусымына сапалы дайындауға мүмкіндік береді.