10 спортшы Қазақстан атынан Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турниріне қатысады
Суретте бочча ойыны, петанк ойыны, петанк шары бейнеленген

10 спортшы Қазақстан атынан Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турниріне қатысады

Биыл тамыз айында Астанада өтетін Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасынан 10 спортшы жарыс жолына шығады. Бұл туралы Қазақстан Бочча Федерациясының спорт директоры Дияр Сейітов мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, ұлттық құраманың жеті спортшысы бұған дейін халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған. Қалған үш спортшы ВС3 санатында өнер көрсетеді. Бұл санатта тірек-қимыл аппараты бұзылған спортшылар жарысады. Олар арнайы пандус қолданады және жарыс кезінде көмекшілердің қолдауына сүйенеді.

— Боччада жай ғана өтініш беру жарысқа қатысу үшін жеткіліксіз. Халықаралық федерация жоғары рейтингтегі командалардың қатысуын қатаң бақылайды. Сонымен қатар, паралимпиадалық спорт түрлерінде спортшылардың физикалық мүмкіндіктеріне байланысты арнайы жіктеу жүйесі қолданылады, — деді Сейітов.

Боччада төрт негізгі санат бар: ВС1, ВС2, ВС3 және ВС4. Турнир қарсаңында қатысушыларды халықаралық классификатор-дәрігерлер тексереді. Бұл жіктеуді Испания, Португалия және Польшадан келген мамандар жүргізеді.

Қазақстан құрамасы соңғы жылдары бочча спорты бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2022 жылдан бері халықаралық ареналарда өнер көрсетіп жүрген команданың жетістіктері қатарында:

  • Ханчжоудағы Паразиялық ойындардағы 8-орын,
  • 2024 жылғы Челленджер турнирінде жеңіп алған қола медаль,
  • Сеулде өтетін Әлем кубогына жолдама бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы әлемнің 50 елінің арасында 18-орында тұр. Бұл көрсеткіш бойынша отандық спортшылар АҚШ пен Испания құрамаларынан озып келеді.