Иран билігі Израильмен арадағы 12 күндік соғыс барысында 700-ге жуық жалдамалыны ұстаған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Fars News агенттігі сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, ұсталғандардың көпшілігі тыңшылық және диверсиялық әрекеттермен айналысқан. Олар халықтың хабарламалары мен арнайы қызметтердің жүргізген операциялары нәтижесінде анықталған.
«Сионистік режиммен соғыс басталғалы бері Иран қауіпсіздік органдары бірнеше Моссад агентін қолға түсіріп, оларға тиесілі жарылғыш заттар, қашықтан басқару құрылғылары мен тыңшылық құралдарын тәркіледі», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Израильдің арнайы қызметімен байланысы бар жанкешті дрондарын дайындайтын бірнеше жасырын цехтар ел аумағында әшкереленген.
Иранның Жоғарғы сот төрағасы Голамхоссейн Мохсени Эджеи елге қарсы әрекетке барған тұлғаларға қатысты істердің жедел қаралатынын мәлімдеді.
Fars News дерегінше, Израильмен байланысты күдіктілер Иранның бірнеше өңірінде: Керманшах, Исфахан, Хузестан, Фарс және Лурестан провинцияларында ұсталған. Ал Тегеран қаласында қолға түскендерге қатысты нақты мәлімет әзірге жарияланған жоқ.