Тарихшы: Мұстафа Шоқай ешқашан нацизммен ымыраға келген емес
Фото: e-history.kz

Тарихшы: Мұстафа Шоқай ешқашан нацизммен ымыраға келген емес

Мұстафа Шоқай — фашизм мен отарлық жүйеге қарсы күресте өмірін құрбан еткен тұлға. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, шоқайтанушы Әбдіуақап Қара "Қазақстан тарихы" порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Ғалымның айтуынша, кеңестік билік Шоқайды «сатқын» етіп көрсетуге тырысқанымен, ол нацистік Германиямен ешқашан одақ құрмаған. Керісінше, Гитлердің ұсынысынан бас тартып, батыл қадамға барған.

«Францияны басып алғаннан кейін Гитлер Шоқайды тұтқындап, "Түркістан легионын" басқаруға шақырды. Бірақ Мұстафа бұл ұсыныстан: "Мен сіздермен жұмыс істемеймін. Үйіме қайтамын", – деп бас тартқан. Бұл – өліммен тең шешім еді», – дейді Әбдіуақап Қара.

Сол бас тартудан кейін оның өміріне қауіп төнген. Кейбір деректерде Шоқайдың уланғаны айтылады. Ол Берлинге жол жүріп бара жатқанда жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Тарихшының айтуынша, Мұстафа Шоқай Еуропада жүрген 1920-жылдардың басынан бастап фашизмнің шынайы бет-бейнесін түсінген.

«Ол фашизмнің Түркістан халқына ешқандай пайда әкелмейтінін білген. Сондықтан да ешқашан оларға қызмет етпеді. Мұстафа Шоқай – ұлт қаһарманы, тәуелсіздіктің символы», – дейді ғалым.

Әбдіуақап Қараның пікірінше, кеңес үкіметі Шоқайға тарихтағы ең ауыр жала жапқан.

«Егер жалған айып тағу бойынша жарыс болса, Совет Одағы Шоқайға таққан жаламен бірінші орын алар еді», – дейді ол.