Еуроодақ саммитінде Украина туралы шешім қабылданбады – Венгрия қарсы болды

26 маусым, 2025 / Ақбер Қуаныш
Фото: Omar Havana

Венгрия Еуропалық Одақ саммитінде Украинаға қатысты қорытынды мәлімдеменің қабылдануына кедергі келтірді. Мәлімдемеде басты тармақ ретінде Украинамен ЕО-ға мүшелік жөніндегі келіссөздерді бастауға қолдау көрсету қарастырылған еді. Бұл туралы Еуропалық кеңестің Украина мәселесіне қатысты талқылауынан кейін жарияланған хабарламадан және саммиттің ресми баспасөз қызметі таратқан қорытынды құжат жобасынан белгілі болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ТАСС сайтына сілтеме жасап.

"Қорытынды мәлімдеме жобасын ЕО-ға мүше 27 елдің 26-сы қолдады. Еуропалық кеңес бұл мәселені қазан айында өтетін келесі отырыста қайта қарауды жоспарлап отыр", – делінген Еурокеңестің баспасөз қызметі таратқан құжатта.

Бұған қоса, қабылданбай қалған мәлімдеме жобасында:
"Еуропалық кеңес ЕО Кеңесін (министрлер деңгейіндегі орган) Украинамен мүше болу процесіне байланысты келесі қадамдарды жасауға шақырады. Бұл келіссөз бөлімдерін ашу, барлық талаптар орындалған жағдайда жүзеге асуы тиіс" – деп көрсетілген.

Бұл тұжырым ЕО-ға мүше болу бойынша Украинамен ресми келіссөздерді бастауға нақты нұсқау ретінде жазылған болатын.

Алайда Венгрия бұған дейін де Украина ЕО-ға қосылуына қандай жағдайда да қарсы екенін ескерткен. Сондықтан бұл жолы да құжатты қабылдауға тосқауыл қойып, шешімді бұғаттап тастады.

Тэгтер:

Украина Венгрия Еуро Одақ