Көкшетауда заманауи Жедел басқару орталығы іске қосылды
«Заң және Тәртіп» апталығы аясында Көкшетау қаласында жаңартылған Жедел басқару орталығы (ЖБО) ресми түрде пайдалануға берілді. Орталықтың жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы танысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР ІІМ мәліметіне сілтеме жасап.
Жаңа жедел зал заманауи LED-экрандармен және жоғары техникалық инфрақұрылыммен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, бұл жаңғырту оқыс оқиғаларға жедел әрі дәл жауап беруге айтарлықтай септігін тигізеді.
Қазіргі таңда орталық Көкшетау бойынша 281 бейнебақылау камерасын, сондай-ақ Щучинск пен Бурабайдағы 27 камераны бақылауға алады. Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және әкімшілік нысандарындағы 4 мыңға жуық камерамен тікелей байланыс орнатылған.
Орталықта жоғары сапалы бейнені көрсетуге арналған AET NX COB P жіксіз LED экраны орнатылған. Ал бейнеағындарды нақты уақыт режимінде басқару Pelco VideoXpert платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл шешім қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді және бар инфрақұрылыммен толық біріктірілген.
Орталықты жаңғыртудың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту.