Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда республикалық маңыздағы автожолдарды жөндеуге бағытталған кең ауқымды науқан жалғасып жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырымға жуық 177 жоба қолға алынған. Оның ішінде 160 жоба өткен жылдан өтпелі болса, 17-сі биыл басталды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жол жөндеу жұмыстары жолдың негізгі қабатын ресайклирлеуден бастап, соңғы асфальт жабындысына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Қазіргі таңда 857 шақырымда ресайклирлеу жүргізілген. Бұл көрсеткіш бойынша Қостанай облысы – 193 шақырыммен көш бастап тұр. Одан кейін Қарағанды облысы – 131, Солтүстік Қазақстан облысы – 129 шақырыммен үздіктер қатарында.
Сонымен қатар, орташа жөндеу аясында 843 шақырым жолға төменгі қабат төселді. Мұнда да Қостанай (143 шақырым), Қарағанды (116 шақырым) және Шығыс Қазақстан (104 шақырым) облыстары алдыңғы қатарда. Ал үстіңгі қабат төсеу жұмыстары 560 шақырым аумақта орындалды. Бұл ретте Түркістан облысы – 90 шақырыммен алғашқы орында тұр. Одан кейін Ақмола – 68 және Қарағанды – 47 шақырыммен жалғасады.
Жөндеу жұмыстарының бір бөлігі «Жезқазған – Петропавл», «Қарағанды – Аягөз – Бұғаз», «Қостанай – Мамлютка» сынды стратегиялық бағыттарды қамтыса, енді бірі туризм саласын дамытуға серпін беретін «Астана – Қорғалжын», «Өскемен – Рахман қайнары» секілді жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған.
Ауқымды инфрақұрылым жобасы көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, өңірлік дамуға, туризмге және жол қауіпсіздігіне оң әсер етеді.