40 жыл еңбек еткен ұстаз жұмысынан айырылды

10 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
https://www.facebook.com / Мейрамгүл Барқазатқызы

Алматы қаласындағы Д.Бабаев атындағы №115 мектепте ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі ұстаз Мейрамгүл Барқазатқызының күтпеген жерден жұмыстан босатылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол білім жүйесіндегі кемшіліктерді ашық айтқаны үшін қысымға ұшырады деген пікірлер айтылуда. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Democrat.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

25 жыл бойы шәкірт тәрбиелеген ұстаздың қызметтен кетірілуі туралы алғашқы ақпаратты Orda.kz порталы жариялаған еді. Бұдан кейін бұл жағдай әлеуметтік желілерде де кеңінен тарады. Алматы қалалық еңбек инспекциясы оқиғаны бақылауға алып, педагогқа сотқа жүгінуге кеңес берген.

Мейрамгүл ханымның арызы 3 наурызда тіркеліп, алғашқы сот отырысы 28 наурызда өтті. Бірнеше аптаға созылған сот процесі 6 мамырда жарыссөздерге ұласты. Ұстаз сотта өзіне түсініксіз себептермен жұмыстан шығарылғанын айтып, мектептегі жағдайды егжей-тегжей баяндады.

"Сабаққа алдын ала ескертусіз кірген жағдайлар болды. Бұл әрекеттер мен үшін қысым ретінде қабылданды. 40 жылдық еңбек өтілімде мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр", – деді Мейрамгүл Барқазатқызы.

Алматының еңбек инспекторы да мектеп басшылығының шешімін заңсыз деп бағалады. Инспектордың сөзінше, ұстаз зейнет жасына толғанымен, еңбек шарты оқу жылының соңына дейін жарамды болған. Сондықтан оны жыл ортасында жұмыстан шығару Еңбек кодексіне қайшы.

Мұғалімнің адвокаты Маржан Хасенова директордың әрекетінде кемсітушілік бар деп есептейді. Айтуынша, мектепте зейнет жасындағы бірнеше мұғалім әлі де еңбек етіп жатыр. Олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Ал дәл сол күні Мейрамгүл жұмысынан айырылған.

Мейрамгүл Барқазатқызы жұмыстан шығарылған күннен бастап материалдық және моральдық шығын келгенін айтып, мектеп директоры Талғат Қазыбаевтан 3 миллионнан астам теңге өтемақы талап етті.

Бірақ Түрксіб аудандық сотының судьясы Мира Иембердиева педагогтың талап-арызын қанағаттандырмады. Сот шешімі бойынша, жұмыстан шығару заңды деп танылып, ешқандай өтемақы төленбейтін болды. Алайда шешім әлі күшіне енген жоқ. Мұғалім апелляцияға жүгінуге дайын.

Тэгтер:

сот Мейрамгүл Барқазатқызы Д.Бабаев №115 мектеп мұғалім